Қаріп:  A+  A A-
Қаз | Рус
 

Жаңалықтар || Жаңалықтар

Алтын босаға

14.07.2017

Алтын босаға О, туған жер, кең пейіл, құшағың кең,
 Саған көңіл бұлқынар күш-ағынмен.
Сағынышымды қанат қып саған қарай,
Балапандай талпынып ұшамын мен.

 

Алақаны анамның – топырағың,
Сендік махаббатымның оты жалын.
Сені қалай сүюдің керектігін,
Мен ешқандай кітаптан оқымадым.

Қол бұлғап шақырғандай алыстан сағымдай бұлдырап, кіндік қаным тамып, қанатымды қатайтқан туған жерім – Шұқыркөлді сағынғанда ақын Фариза Оңғарсынованың осынау екі шумақ өлеңі ойыма оралады. Оны жүректің тілімен қайталап оқыған сайын туған жеріме, өскен ортама, балалық бал дәуренімнің тірі куәсіне деген шөліркіген перзенттік сезімім мен іңкәрлігім бір сәтке болсын шөлін басқандай күй кешеді. Иә, ауылдың шаңын аспанға көтеріп, шалғынына аунап-қунап өскен қазақ баласы үшін туған жердің орыны тіпті бөлек емес пе?

Табалдырықтан биік таудың болмайтыны сияқты, туған жерден де асқан «Мысыр шаһар», тұғыр да жоқ. Өйткені, туған жер әрбір адамның шыр етіп жерге түскен, өзінен кейінгі бауырларының еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені. Жаратушы иеміз әу бастан еншісіне кие мен құтты қатар сыйлап берген қасиетті топырақ – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Шұқыркөл ауылын білмейтін адам кемде-кем. Мен де сол шағын елді мекенде дүниеге келіп, қанаттандым. Алтын бесіктің қасиетін түсіндіріп, білім нәрімен сусындатқан да, үлкен өмірге жолдама беріп, «жолың болсын» айтқан да алақандай ауылым. Сондықтан да оның әрбір төбесі, сайы мен тасы мен үшін ат басындай алтынға айырбастауға келмейтін қымбатты құндылық.

Менің балалық шағым есте қаларлықтай бақытты сәттерге толы болды. Үйдің үлкені болғандықтан атам мен әжемнің қолында өстім. Он жасқа толғанша атамның арқасында жүрдім. «Балам – балым, баламның баласы жаным» дейтін олар айтқанымды екі етпейтін. Тағамның ең дәмдісі, киімнің ең сәндісі менің еншіме бірінші болып тиді. Той- жиындарда ата әжемнің жанында жүрем. Олар мені айтып емес, көрсетіп тәрбиеледі. Үлкен адамға бірінші болып сәлем беру, астан кейін бата қайыру, тамақты «біссімілләсіз» бастап жемеу сияқты қарапайым дүниелерді санама сіңірді. Бүгінде олардың әрбір іс-әрекеттері менің темірқазығыма айналған.

 Ауылдағы мектеп-интернатты бітіретін уақыт тоқсаныншы жылдардың басына, қиын кезге тұспа-тұс келді. Бұл қысылтаяң шақ дүйім жұртшылықпен қатар, шұқыркөлдіктерді де әбден тұралатты ғой. Тіпті, ауыл құрып кетуге шақ қалғаны да жасырын емес. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ынтымақтаса еңбек етіп жатқан ауыл адамдары мәңгі мызғымастай көрінген кеңестік жүйе ыдырағаннан кейін не істерлерін білмей дағдарып қалды. Әркім жан-жаққа бас сауғалап, жеке-дара тірлік етуге көшті. Алтын ұяны енді ғана аяқтаған біздерді арманға қол созуға қиын заман мұрша бермеді. Атам ескіше сауатты, көргенді кісі болатын. Талабы мен қабілеті бар немересінің мал бағып, үйдің ұсақшаруашылығымен айналысып жүргеніне налыды ма, мені жанына шақырып алып:

 – Балам, бұл заман қашанғы бұлай тұра берер дейсің? Күркіреп күндей соғыс та өтті ғой. Бұл қиындықтар да көрген түстей артта қалар, еліміздің басына арқаны кеңге салар заман туар. Сен тілімді алып, қалаға бар, оқуға түс. Біз қолымыздан келгенше көмектесеміз. Қорадағы санаулы малымызға әке-шешең де ие бола алады, – деді.

 Ақшаның жоқтығы қолбайлау болғанмен атамның сөзін жерге тастауға батылым бармай, басымды изеп, мақұлдай кеттім. Осылайша Петропавлдағы М. Қозыбаев атындағы университеттің физика және математика мамандығына оқуға түстім. Сол кезден бастап мен ауылымнан, ондағы менің арқасүйерлерім – атам мен әжемнен алыстай бердім, алыстай бердім. Кезінде көңіліме үміттің сәулесін жақып, арман сапарына шығарып салған ауылым бүгінде ыстық сағынышымның мекеніне айналғандай.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы арқылы жүрек түкпіріміздегі туған жер туралы ой-сезімді тамыршыдай тап басып, аз сөзбен көп ойды тарқата айтқаны қандай ғажап! «Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды». Мемлекет басшысының бұл ойы менің, мен сияқты әрбір адамның көкейіндегі ешқандай сезіммен теңестіруге келмейтін іңкәрлікпен қабыса кеткен сөзсіз.

Ауылым жайлы ойланғанда ең алдымен санама оның киелі топырағынан нәр алып, қазақтың аспанында шоқжұлдыздай жарқырап жанған, тарихта өшпес іздері қалған сайдың тасындай небір сайыпқырандар еске түседі. Туған жеріңнің осынша қасиетті екеніне іштей мейірленесің. Табиғаты таңдай қақтыратын таңғажайып, ақ қайыңдары сұлудай сылаңдаған Шұқыркөл біртуар тұлғаларды құндақтады. Солардың ішінде ұлттық әдебиеттану ғылымында үлкен із қалдырған көрнекті ғалым, сыншы, аудармашы Айқын Нұрқатовтың шоқтығы биік. Бүгінде ауылдағы шағын мектептің айтулы тұлғаның есімімен аталуы да зор сүйініш. Бұрнағы жылдары мектепте «Айқын қаламы» атты жас ақындар мен жазушылардың аудандық байқауы жүйелі ұйымдастырылып жүрді. Қазақ әдебиетінің шалқар айдынында еркін жүзген, рухани еркіндіктің зеңгір көгінде шарықтай самғаған жазушының шығармашылық еңбегіне жас ұрпақтың қызығушылық пен сүйіспеншілік сезімдерін ояту мақсатында жүзеге асырылған шараны облыстық деңгейде өткізсе де артық болмас еді. Бұл туралы мектеп басшылығына айтылды. Бұл – руханият, әдебиет жанашырларының қолындағы шаруа.

Одан өзге мемлекет және қоғам қайраткерлері – Бәйкен Әшімов пен Еркін Әуелбековтің есімдерін де қалың қазақ ерекше қастерлейді. Алаш зиялыларының бірі педагог, ғалым, журналист, қайраткер Абдолла Байтасов та Шұқыркөлден түлеп ұшты. Шыны керек, оның есімін біреу білсе, біреу білмейді. Ол жастайынан өнер, білімге құштарлық танытқан, ауылда оқып, зеректігі мен ұлттық сана сезімі ерте оянған қазақ жастарының өкілі еді. Омбы қаласындағы мұғалімдер семинариясына оқып жүріп, қазақ жастарының «Бірлік» ұйымына мүше болуы, Алаш қозғалысын қолдап, қазақ комитеттерін құруға атсалысуы – бүгінгі ұрпақ үшін ұлағат.

Ал Шұқыркөлде дүниеге келіп, өмірін күллі қазақ халқының бақытты болашағына арнаған Жұмағали Тілеулиннің есімі де солтүстікқазақстандықтарға жақсы таныс. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақтың ақжүрек, адал ұлдарымен бір қатарда жаңа өмір, ұлт теңдігі, тәуелсіздік ұранымен өскен ардақты азаматтың қасиетті Қызылжар өңіріндегі ат төбеліндей қазақ арасынан шыққан алғашқы денсаулық сақтау мамандарының бірі болғандығы әрқайсысымыз үшін мақтаныш емес пе? Оның өңір тарихы және мәдениетінің жанашыры әрі көсемсөзші ретіндегі қызметі орасан. Осындай «ауылда туып, Алматыда дүние салған» дара азаматтарға Шұқыркөлдің қасиетті топырағы нәр бергеніне осы өлкенің бір бөлшегі ретінде қуанасың.

 Ауыл – азаматымен ажарлы. Бүгінде туған өлкеден осындай озық ойлы тұлғалардың суырылып алға шықпауы, ұрпақ сабақтастығының үзіліп қалуы мені да қатты алаңдатады.

Бүгінде балаларыма өзімнің марқұм Сейітмағамбет атамнан қалған тәрбиелік мәні зор өсиеттермен қатар жоғарыда есімдері аталған ұлы тұлғалардың өнегеге толы өмір жолдарын айтып отырамын. Ауыл өткен мен болашақты жалғайтын қойнауы құтқа толы қазыналы мекен. Тағдырдың жазғаны біздің бозбалалық дәуреннен кейінгі өміріміз қаланың тіршілігімен біте қайнасты. Өмірлік серігімізді қаладан жолықтырып, отау құрдық. Ауылымның емес тіршілігі қым-қуыт қаланың түтінін көбейттік. Алайда, ауылдан қол үзген емеспін. Жұмыстан қолым қалт еткенде бала-шағамды ертіп, Шұқыркөлге тартып отырамын. Ауылдықтардың ешкімді бөлектемейтін, жатырқамайтын жылы жүздері, құрақ ұшқан қонақжай салты, ежелгі танысыңдай ағынан ақтарылып, көңілдегі сырын жасырмай айтып қалатын аңғал мінезі өздеріне жарасымды. Қалалықтардан бөлектейтін де осы қасиеті.

 Табиғаттың жаңарып, өзгеше кейіпке енетін көктем мезгілінің соңғы айында ауылдың айналасы одан сайын құлпыра түседі. Бала кезімнен өн бойыма сұлулық атаулының сырын ұқтырған бұл көріністен қуат алуға жыл сайын асығатыным да сондықтан. Сондайда ауыл адамдарының: «Биыл жауын-шашын мол түсті. Соған орай мал несібесі – көк қаулап шықты. Кейбір тұстарда тіпті ірі қара болмаса ұсақ малды жайып жіберсең көрінбей де қалады. Әне, біршама қой жайылып барады. Мал деген қазақ үшін көз қуанышы ғой, шіркін! Анау бір қиын жылдары күнделікті тұрмыс үшін сойылып, еті сатылып кеткенде бұл дала құлаққа ұрған танадай құлазып қалған жоқ па? Содан ес тез жиылды, мал қайта құрала бастады. Қазір, Құдайға шүкір, бозала таңнан әр ауладан біраз қара-құра шығып, кешке өрістен оралады», – деген сөздері көңілімді бір марқайтып тастайды. Әке-шешеңнің ғана емес, олардың көзін көрген азаматтардың қуаныштарына куә болу қандай бақыт!

Ауылдың шетінде анадайдан зират көрінеді. Онда осы өлкенің ардақты ақсақалдары, ақ жаулықты аналары жатыр. Олардың қатарында менің атам Сейітмағамбет те бар. Әзірге ауылдағы қымбаттан қымбат құндылығым да осы талай сырларды ішіне бүккен зират.

Еркен Сейітмағамбетов,
«Петропавл ауыр машина жасау зауыты»
акционерлік қоғамының қызметкері.


Президенттің Жолдауы akorda.kz primeminister.kzegov.kzАссамблея народа КазахстанаОфициальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской областиIPOДКБ2020Алтын сапаӘділетМодернизация пенсионной системыКазконтентИновационные гранты EXPO Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Агентство Республики Казахстан по делам государственной службы и противодействию коррупции Защита бизнеса СКО Электрондық еңбек биржасы ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ресми интернет-ресурсы 100 жаңа есімБолашағымыз — бірліктеҚазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Қазақстанның ветеринарлық дәрігерлерінің қауымдастығы