Қаріп:  A+  A A-
Қаз | Рус
 

Жаңалықтар || Жаңалықтар

Алтын қазық

30.06.2017

Алтын қазықТәуелсіз еліміздің еңсесін тіктеп, әлем алдындағы абыройын асқақтатуға өлшеусіз үлес қосқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір стратегиялық бағдарламалары, жыл сайынғы Жолдаулары мен мақалалары еліміздің өркениетті мемлекеттердің салған сара жолымен жаһандық қауымдастықта өз орнын айшықтағаны әмбеге аян. Әсіресе, ширек ғасырдан астам уақытта Қазақстандыәлем бейбітшіліксүйгіш, мәдениеті бай, тарихы терең ел ретінде мойындады.

Елбасымыздың сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын барша тілегі бір жұртшылық, елдің ертеңі, халықтың қамы үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген зиялы қауым өкілдері өте жылы қабылдады. Өйткені, тоқсаныншы жылдардағы тұралаған экономика бір жолға қойылған осы уақытта жұртшылық руханиятқа серпіліс әкелетін керемет дүниеге зәру еді. Оны Президентіміз дер кезінде жүзеге асыра білді.

 Рухани жаңғырудың көздеп отырғаны, ауқымы кең жұмыстар. Ол – тіліміз, мәдениетіміз, әдебиетіміз, дәстүріміз, білім, ғылым, өнер, жастар тәрбиесі, ұлтжандылық, отансүйгіштік сияқты әрбірінің бес атанға жүк боларлықтай салмағы бар дүниелерді тереңнен қаузайды. Елбасымыз адамның құндылығы, рухани байлығы, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға мән бермесек, мұнымыз үлкен қателік болатынын айтып отыр. Бұл пікірлер бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілді, алайда осы жолы үлкен бір бағдарламаға айналған. Елу жылға жуық уақыт бойы әртүрлі салада қызмет атқарған ардагер ретінде экономиканың да, саясаттың да, руханияттың да көш басында білім мен ғылым тұратынын сеніммен айтар едім.

 Біздің халқымыз тағдырдың талай сынын басынан өткеріп, бүгінгі күнге аман-есен жетті. Өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары халқымыз елге дұрыс жол көрсететін ұлы тұлғаларынан, сүттің бетіндегі қаймақтарынан айырылды. Олардың жиырма бес мыңға жуығының жазықсыз атылғанын тарихтан білеміз. Ел арасындағы бірліктің бекемсіздігінен де жаудың оңай олжасына айналған оқиғалар да кездескен. Қазақ халқының осындай қиындықпен азаттықтың арайлы таңына аман жеткені, Арқа төсінен зәулім астана салып, әлемнің өркениетті елдерімен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынас орнатуы Алла тағаланың бізге берген сыйы. Оны бағалауымыз керек. Ол үшін адамды адамгершілкке бастайтын, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге діттейтін рухани байлықтың рөлі зор. Елбасының руханиятқа, білімге, ғылымға мән беруі – үлкен көрегендік. Бұл жұмыс дер кезінде жасалып жатыр, енді оны халыққа жеткізе білу керек. Өйткені, еліміздің бақытты болашағына баршамыз жауаптымыз.

Еліміздің болшақтағы келбетін анықтайтын – бәсекеге қабілеттілік. Бәсекеге қабілеттілік саясатта, экономикада, руханиятта, яғни барлық салада болуы керек. Бәсеке болмаған жерде даму да жоқ. Бәсеке болған жерде жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, санамызды жөндейміз. Бәрі санадан басталады. Сол үшін сана түзелуі керек. Сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға тиіспіз. Қазақтың данышпаны Абай Құнанбаев «Адам бол» деген нақылды саналарға сіңіру үшін мыңмен өзі жалғыз алысты. Бұл – қазақтың ұраны іспетті сөз. Елбасымыздың осы жұмысында Абайдың ұранының көрінісі бар. Бұл жұмыстың арқауы өте тереңде жатыр.

Халқымызда «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» деген тәмсіл бар. Білім бәсекеге қабілетті болуы үшін еліміздің білім беру саласына әртүрлі қанатқақты жобалар енгізілуде. Солардың бірқатары өз жемісін беріп келеді. Мысалы, Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылған «Болашақ» бағдарламасы бойынша дамыған мемлекеттердің озық оқу орындарында білім алған алғашқы қарлығаштар қазіргі таңда елімізге оралып, өмірдің түрлі саласында жемісті жұмыс атқарып келеді. Олардың қатарында өзімнің шәкірттерімнің де болғаны мақтаныш. Осы орайда білімнің әлемдік деңгейде болғанын қолдаймын. Ал тәрбие ұлттық болуы керек. Ата-бабаларымыздың баяғыдан келе жатқан үлкен құндылықтар жүйесі жастарымыздың да санасына еніп, олар әр нәрсеге сын көзбен қарап, жақсы үрдістеріміздің бәрін бойына сіңіріп өссе, нұр үстіне нұр.

Елбасы тәрбие, білім беру саласына үлкен мән беріп отыр. Әсіресе, үштілділік мәселесі басты назарда. Ағылшын тілі – әлемдік тіл. Бүкіләлемдік тіл болғаннан кейін біз одан сырт қала алмаймыз. Дегенмен қазақ тіліне басымдық беруге тиіспіз. Біздің мақсатымыз – әлемдік өркениетке еніп, дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Оған білім, ғылым арқылы ғана жетеміз.

 Мақаланың «Таяу жылдардағы міндеттер» деген екінші бөлімінде алдағы уақытта жүзеге асырылатын нақты жобалар көрсетілген. Мұнда айтылған қазақ тілін біртіндеп латын алфавитіне көшіру – заман талабы. Латын қарпіне көшу туралы Елбасы өзінің мақаласында «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылым және білім беру процестерінің ерекшеліктеріне байланысты», – деп атап көрсетті. Үкіметке латын қарпіне көшірудің бірыңғай бағдарламасын жасауды тапсырған Елбасы бұл игі жұмысты атқаруға бүгіннен бастап кірісуді айтып отыр. Көп ғалымдар латын әліпбиіне көшу арқылы бүкіл түркі әлеміне жол саламыз деп айтады. Латын әліпбиінің бізге беретіні жалғыз бұл ғана емес. Біз латын әлімбиіне көшу арқылы ана тіліміз – қазақ тілінің әлемдегі мәртебесін көтереміз, оны ғылым мен мәдениеттің, медицинаның тіліне айналдыратын уақыттың алыс еместігін бағамдауға боалды.

Екіншіден, қазірдің өзінде әлемнің түкпір-түкпірінде бес миллионға жуық кезінде атамекенінен үдере көшіп, шет ел асқан қазақтардың ұрпақтары тұрады. Олардың бәрі латын әліпбиін қолданады. Бұл – шартарапқа тарыдай шашыраған қазақтардың бастарын бір арнаға тоғыстыратын тың бастама. Біз латын әліпбиіне көшудің түпкі мақсатын осындай ұлттың шамшырағын жағатын үлкен мақсаттардан іздеуіміз керек.

 Мемлекет басшысы өз мақаласында жастардың тәрбиесіне баса мән берді. Өрендер мен аға ұрпақ өкілдері арасындағы сабақтастық жібінің үзілмеуіне көңіл бөлді. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі жыл сайын ауқымды жоспар жасайды. Оның аясында жүзеге асырылатын жұмыстардың сексен пайызынан астамы жастардың қатысуымен өтеді. Біз мерейлі мерекелер сайын ұйымдастырылатын іс-шараларды жастар ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктердің белсенділерінсіз, студенттер мен оқушылардың қатысуынсыз іске асырмаймыз. Былтыр қала жастары кеңеске мүше сегіз жүзге жуық ардагердің, жалғызбастылардың және жұмысқа қабілетсіз қарттардың үйлеріне барып, шаруаларына қолғабыс етті. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы облыстық, қалалық филиалдарының «Жастар – Отанға!», «Ардагерлерді ардақтайық!» жобаларының тұрақты өкілдері де – жастар.

 Ардагерлер – тірі шежірелер. Оларға қарап жас ұрпақ өседі. Сондықтан да олардың өнегелі өмір жолдарын кеңінен насихаттағанымыз абзал. Еңбектерімен елге сыйлы атанған жандардың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көптің алдына шығуы да жоқ болар еді. Қазіргі уақытты жаһандану заманы дейміз. Қарыштап дамып бара жатқан заманның ағымына сай келмейтін, дәстүрлер сырылып, тіршіліктен тасада қалып барады. Осындайда жастардың бойына біздің қанымызға сіңген үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізеттілік таныту, шыншыл болу, жақсылыққа ұмтылу, қайырымдылық жасауға құмарту сияқты қасиеттерді сіңргеніміз абзал.

 Біз мектептерде кездесулер ұйымдастырамыз. Оқушылардың тәрбиесі жайлы ұстаздар қауымымен ақылдасамыз. Кезекті кездесулердің бірінде ой, жан еркіндігі жайлы әңгіме болды. Өрендердің жеке тұлға ретінде өрістеуі бізді қуантады. Алайда, жан еркіндігін қалайтындығы көңілге күдік ұялатпай қоймайды. Ол он сегіз жасқа толғаннан кейін өз ақылым өзімде деген жансақ пікірдің жетегінде кететін жасөспірімдер жайлы. Бұл сорақылық ата-ананы сыйламау дегеннен шығады. Қазақ қай заманда да қартын қазынадай сыйлаған қой. Құдайдан кейінгі шебер деп бағалаған. Даланың заңынан бастау алған осындай қасиетіміз бірте-бірте жоғалып бара жатқандай. Сондықтан да жастардың санасына ананың, әкенің қадірі, баланың міндеті сияқты көркем қасиеттерді сіңіруге міндетпіз.

 Елбасымыздың мақаласындай айтылған әрбір тақырыпта байланысты ауқымды ой қозғауға әбден болады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бұл мақаланы ғаламдық ақыл-ойға, ғылымға жақын, бәсекеге қабілетті болуға бастайтын үлкен қадамның бірі деуімізге әбден болады.

Сара Тасеменова,
Петропавл қалалық ардагерлер
кеңесінің төрайымы


Президенттің Жолдауы akorda.kz primeminister.kzegov.kzАссамблея народа КазахстанаОфициальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской областиIPOДКБ2020Алтын сапаӘділетМодернизация пенсионной системыКазконтентИновационные гранты EXPO Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Агентство Республики Казахстан по делам государственной службы и противодействию коррупции Защита бизнеса СКО Электрондық еңбек биржасы ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ресми интернет-ресурсы 100 жаңа есімБолашағымыз — бірліктеҚазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Қазақстанның ветеринарлық дәрігерлерінің қауымдастығы