Қаріп:  A+  A A-
Қаз | Рус
 

Жаңалықтар || Жаңалықтар

Құндылықтарды құлдыратпау маңызды

09.06.2017

Құндылықтарды құлдыратпау маңыздыМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел газеті «Егемен Қазақстанға» жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын барша қазақстандықтар сананы серпілтетін құнды құжат ретінде жылы қабылдады. Өз басым бұл бағдарламалық мақаланы тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткізгеніне ширек ғасырдан астам уақыт болған Қазақстанның рухани-мәдени дамуына жасалған алғышарт деп түсіндім. Мақаланы мұқият оқып шығып, санама көп ой түйдім.

 Елбасы атап көрсеткендей, «Біздің мақсатымыз – айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады».

Құдайға шүкір, Елбасымыздың көрегендігінің, халқымыздың сабырлылығының арқасында біздің еліміз айдай әлемге танылды. Ойы азат, санасы тәуелсіз жауқазындай жастарымыз өсіп келеді. Олар ата-бабаларымыздың бастан өткерген қасіретін кітап беттерінен оқығаны болмаса, көрген жоқ. Лайым солай болғай! Сан ғасырлар бойы ұлттық руханиятымызға, әдебиетіміз бен мәдениетімізге отарлаушылар тарапынан күштеп жасалған қысастық күні бүгінге дейін ұмытылмай келеді. Ендігі кезекте жастардың бойларына тарихи санамен сабақтасқан ұлттық сана қалыптастыру мәселесі өзекті болып отыр. Президент рухани жаңғыру құр жаңғырыққа айналмауы үшін халықтың алдында өзі айқындап берген негізгі бағыттарды жүзеге асыру міндеті тұрғанын айтады. Мәселен, мақаланың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» бөлімінде бәсекеге қабілеттілік, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы сынды мәселелер көтерілген. Өз ұлтымызға тән ерекше қасиеттерді, атап айтқанда, тілімізді, дінімізді, әдет-ғұрпымызды сақтау үшін сананың ашық болуы маңызды. Әрине, ұлттық құндылықтардың бәрі жас ұрпаққа балабақшадан, мектептен беріледі. Колледждер мен жоғары оқу орындарында да одан әрі тереңдетілуі тиіс.

Елбасының бұл мақаласын еліміздің алдағы рухани өсіп-өркендеуі мен әлеуметтік дамуының тұжырымдамасы деген болар едім. Дәл қазіргі уақытта мемлекеттік идеологияның бағыт-бағдары, мәдени дамуы, рухани кеңістік осындай өміршең бағдарламаны қажетсініп отырғанын айта кеткен жөн болар. Мақаладағы «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген тұшымды ой кез келген ұлт жанашырының, оқырмандардың көкейіндегіні тап басып, көкірек көзін аша түсетіні сөзсіз. Әсіресе, бүгіндері дін мәселесінде түрлі жат ағымдарға ілесіп, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, бабалар жолын мансұқ етіп жүрген кейбір жастарымызға үлкен сабақ, мағыналы да мәнді кеңес болатыны анық.

Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасында Нұрсұлтан Әбішұлы әрбір отандасымыздың, жастардың патриоттық сезімін арттыру үшін аймақтарда өлке тарихын көбірек насихаттап, туған жеріне көмек қолын созып жүрген жандарға құрмет көрсету жолдарын қарастыру қажеттігін еске салған. Өлке тарихын насихаттауда мұражайлардың рөлі зор. Олардың негізгі міндеті – жас ұрпақты тәрбиелеу, ұлт тарихын тереңдету, таныту. Тоқсан жылдық тарихы бар облыстық тарихи-өлкетану мұражайы осы жылдар бедерінде үлкен асулардан, жемісті белестерден өтті. Ел танитын, жұртшылық қызыға келетін мәдени ордаға айналды. Мұражайда сақталған жәдігерлердің барлығы ұлтымыздың тарихы, жүріп өткен жолы. Мұражай қорында бүгінде өлкеміздің ежелгі дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихынан терең сыр шертетін 346 мыңнан астам экспонат сақтаулы. Мұражай қызметкерлері көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап, жүйелеп, оларды келешекке жеткізіп, өзге жұртқа насихаттап келеді.

 Туған жер, өскен өлкенің ғана емес күллі қазақтың теңдігі үшін күрескен жерлес ардақты азаматтардың біразы қазақтың қабырғасын қайыстырған солақай саясаттың салқынына ұшырады. Осы орайда өзім жетекшілік етіп отырған орталықтың атқарып отырған жұмысы аз емес. Орталық қызметкерлерінің бірқатар еңбектерінен де бұл тарихи оқиға көрініс берді. Қасиетті Қызылжардан шығып, күллі қазақтың жоқтаушысына айналған Тоқсан би, Баймағамбет Ізтөлин, Мағжан Жұмабаев сынды қайраткерлердің бұрын баспа бетін көрмеген шығармалары кітап болып басылды. Шал ақын ауданына қарасты Ысқақ Ыбыраев ауылының тарихы жөнінде зерттеп, кітап құрастырған Ғалым Қадыралиннің еңбегі – бір төбе.

Он бес жылдан астам уақыт ішінде 69 кітапты жарыққа шығарыппыз. Олардың бірегейі деп Қожаберген жырау жайлы жазылған зерттеу еңбегін айтуға әбден болады. Біз оны қазақ халқының қасіретіне айналған, тарихымыздың бетінде қара дақ болып қалған жоңғар шапқыншылығы кезінде жұртымыздың бет-бейнесін анық бейнелеген «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген өлең жолдарының авторы ретінде ғана танып келгеніміз шындық. Қожаберген бабамыздың елдің амандығы, жердің тыныштығы үшін басын бәйгеге тіккен батырлығы, отыз рулы елді аузына қаратқан жыраулығы, даналықпен ұштасқан шешендігі, адуынды ақындығы, көреген қолбасшылығы жайлы, тіпті, Тәуке ханның «Жеті жарғысының» жарыққа шығуына септескен тұлға болғандығын көп адам біле бермейді. Оның 350 жылдығы 2013 жылы Үкіметтің қаулысымен республика көлемінде тойланды. Көптеген ғылыми-практикалық конференциялар өтті. Мұның өзі біздің өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиға болды. Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде қазақтың маңдайалды зиялы қауым өкілдері тоғысып, келелі әңгіменің өрбуіне біздің де қосқан үлесіміз бар деп ойлаймын. Одан өзге Шияп Садықов, Қайрөш Қоспанов, Қағида Базарбаева сынды ұлағатты ұстаздар жайлы жазылған зерттеу еңбектеріміз солтүстікқазақстандықтардың арасында жарқ етіп көрінген жаңа есімдердің шығуына септесті. Елбасымыз айтып отырған туған жердің жауһарлары да осындай еңбектері жемісті, өмірлері өнегелі тұлғалар емес пе?

Алдағы уақытта Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасы бойынша арнайы іс-шаралар жоспарын жасап, көзі қарақты үлкендерден, ғалымдар мен жазушылардан, тарихшылардан өңірімізге қарасты елді мекендердің тарихы, мәдениеті, сол аймаққа белгілі тұлғалар жөнінде сұрастырып, кітаптар шығаруды ойлап отырмыз. Дайындалған еңбектеріміз өңірлік ғалымдардың жетекшілігімен баспа бетін көрсе, жас ұрпатың өлкелік тарихымыздың белгісіз құпияларына қаныға түсері сөзсіз.

Мақалада сонымен қатар ұлтымыздың жаһандық ықпалдастықта жұтылып кетпей, ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалудың өте маңызды мәселелері көтерілген. Ұлттық құндылығымыз, оның ең бастылары – тіліміз бен діліміз еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты мемлекетіміз үшін ең басты мәселе.

Иә, уақыт алға жылжып жатыр. Бұл – өмір заңдылығы. Осындай кезеңде басқа өзгерістермен қатар, Елбасы айрықша назармен айтқандай, рухани жаңғырудың қажет екендігі, қанымызға сіңген құндылықтарды құлдыратпа маңызды.

Таңат Сүгірбаев,
«Асыл мұра» ғылыми-зерттеу
орталығының жетекшісі


Официальный сайт Президента Республики Казахстан Премьер-министр Казахстанаegov.kzАссамблея народа КазахстанаОфициальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской областиIPOДКБ2020Алтын сапаӘділетМодернизация пенсионной системыКазконтентИновационные гранты EXPO Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Агентство Республики Казахстан по делам государственной службы и противодействию коррупции Защита бизнеса СКО ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ресми интернет-ресурсы 100 жаңа есімБолашағымыз — бірліктеҚазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Қазақстанның ветеринарлық дәрігерлерінің қауымдастығы