Қаріп:  A+  A A-
Қаз | Рус
 

Жаңалықтар || Жаңалықтар

Тағзым

04.08.2017

ТағзымБелгілі айтыс ақыны Ринат Зайытовтың:
«Балғын денем балқыған, шат көңілім шалқыған, туған жер,
Анашымның ақ сүті-ау, топырағыңнан аңқыған, туған жер.
Ойын қуып аунаған, жүрегімді баураған, туған жер,
Кең даласы әкемнің, құшағынан аумаған, туған жер!», – деген өлең шумағын оқыған сайын көз алдыма шағын ғана ауылымның қоңырқай тіршілігі елестейді. Иә, ауыл – алтын бесік. Ол әрбіріміздің жүрек түкпірінде әлдилейтін ыстық сезіміміз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсына келіп: «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», – деп атап айтты. Бұл баршамыздың туған жерімізге деген ішкі тебіренісіміз бен сырымызды тұмшаламай, керісінше, кең көсіле шертуімізге жол ашты. Мемлекет басшысы отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қала мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын айтып отыр.

Әр адамның өз туған жеріне, өскен өлкесіне деген перзенттік борышы әрқалай өтеледі. Біреу үрім бұтағының, ата-бабаларының ізі қалған мекенді бойтұмарындай қастерлеп, ұрпақтарының болашақтарын сол өлкемен байланыстырса, енді бірі өзі жырақта жүрсе де бар адал еңбегі мен маңдай терін балалық дәуренінің балдан да тәтті естелігі қалған өңірге арнайды. Ал енді бірі туған жерінің тұнған байлығын, түртіп қалсаң төгіле сөйлейтін тау-тасын тереңнен зерттеуі бек мүмкін. Соңғысын өлкетануға телуге әбден болады. Яғни, туған аймақтың археологиялық ескерткіштерімен, тарихи орындарымен танысыу арқылы жастардың бойына асқақ сезімді қалыптастыруға септеседі.

 Біздің өңіріміз тарихи жәдігерлерге де, ұлы тұлғаларға да бай. Осы өлкеден қанаттанған атақты Қожаберген жырау халықтың мұң-мұқтажын жырға қосты. Ол жазған «Елім – ай» әні сол кездің әнұранына айналды десек қателесе қоймаспыз. Ұрыстарда жауға бірге шауып, жорықтарға бірге аттанып халық жадында үзеңгілес батырлар атанған Қарасай мен Ағынтайдың жөні бөлек. Қасиетті өңірімізден жорыққа аттанып, туған жерлеріне қайта оралған Батыр Баян мен Ер Жабай, Толыбай сыншы – қазақтың мақтаныштары. Шапырашты Қазыбек бек Қарасай мен Ағынтайдың арадан қыл өтпес достығын айта келіп, қазақтың Қарасай батыры туралы сөзін былайша түйіндейді: «Менің байқауымша, жеңіске жеткізетін тек достық болар деймін. Ал егер бірін – бірі өлімнен қорғап, досы басын өзінен жоғары бағаламаған болса, бұл екеуінің (Қарасай мен Ағынтайдың) басы да кез келген жерде домалап қала берер еді. Міне, нағыз достықтың күші осындай».

Біздің облысымыздан Ұлы Отан соғысы жылдарында елдің амандығы, бейбіт заман үшін күрескен адуында ерлер шыққаны белгілі. Солардың арасынан заманымыздың белгілі ғалымдары Ебіней Бөкетов, Мұрат пен Нағима Айтқожиндер, Аманжол Қошанов, Зейнолла Молдахметов, Еренғайып Шайхутдинов бар екенін атап айтқан орынды. Олардың бәрі туған өлкенің жауһарлары. Ауыл деп аталытын киелі мекеннен түлеп ұшып, дүйім қазақтың жоқшысына айналған азаматтардың есімдерін құрметтеу, ұмытпау, келер ұрпаққа аманаттау – абыройлы міндет. Осы мақсатта біз білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Облыс мектептерінің оқушыларын өңіріміздің аудандарына сапарлатуды, осы арқылы туған аймақтың археологиялық ескерткіштерімен таныстыруды көздеген ауқымды экспедиция өзінің жемісін берді деп сеніммен айта аламын.

Петропавл қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен сапарға ең алғаш болып облыс орталығындағы №43 орта мектеп пен өзім жетекшілік ететін әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушылары аттанды. Әрбір топта он үш оқушы мен тарих, география пәндерінің мұғалімдері бар. Екі бағыт бойынша сапарға шыққан олар облысымыздың он үш ауданын аралап, тарихи-мәдени орындарымен, белгілі адамдарымен танысып қайтты. Мәселен, әл-Фараби мектеп-лицейінің ұжымы Ақжар, Айыртау, Уәлиханов, Тайынша аудандарына барды. Олар әуелі табиғаты тамаша, ауасы жұпар Есіл ауданындағы Бұлақ ауылында болып, ондағы имандылығымыздың ажарына айналған Құлсары әулиенің басына зиярат етті.

Өз заманының от ауызды ақындары ерлігі мен өрігін: «Қазақтың намысын қорғаған Құлсары, Құдайға ғана құл болған бұл сары», – деп сипаттаған Құлсары бабамыздың рухына тағзым ету тәуелсіздікпен түлеген өрендерге бұйырыпты. Өйткені, тәуелсіздікке дейін Жалғызтаудың құбыла жағындағы бір жотасында тербетусіз қалған бесіктей болып жатқан әулиенің мазары еліміз азаттыққа қол жеткізгеннен кейін күрделі жөндеуден өтті. Абылай ханның қос елшісінің бірі болған Құлсары батырдың есімін, ерлігін оқушылар тарихтан біледі десек те, көзбен көргенге не жетсін! Құлсары бабамыздың Ресей патшалығының сол кезде Батыс Сібір мен Орынбор губерниясын басқарып тұрған шенеуніктерімен кездесіп, келіссөздер жүргізіп, Қазақ елінің мүддесіне сай қызмет еткенін тарихи жәдігерлер арқылы танысқан оқушылар таңданыстарын жасырып қалмады.

Экспедиция барысында оқушылар туған өлке тарихын, мәдениетін, тамылжыған табиғатын, салт-дәстүрін өз көздерімен көріп қана қоймай, сол арқылы туып-өскен жерлеріне сүйіспеншіліктерін одан әрі тереңдетіп, дамытуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар экспедиция барысында өңіріміздің белді кәсіпорындарының жұмысымен, белгілі еңбек адамдарының өмір жолымен танысты.

Оқушылар бетке алған келесі орын – Айыртау ауданындағы «Айғаным» қонысы. Қоныста жинақталған бірегей жәдігерлер еріксіз өткен уақытқа жетелейді. Олардың ішінде Шоқан Уәлихановтың қобдишасы, ұлы ғалым салған әжесі Айғанымның суреті ерекше көз тартады. Атақты ғалым – Шоқанның әжесі айғаным Сарғалдаққызы қоғамдық-саяси үдерістерге белсене араласқан, елге сыйлы, ықпалды болған. Бірнеше шығыс тілдерін меңгерген. Санкт-Петербургтегі Сібір комитетімен, Ресей сыртқы істер министрлігінің Азия бөлімшесімен хат жазысып тұрған. Медресе салдыртып, өнер-білімнің қадір-қасиетін терең түсінген. Бүгiнгi күнi Шоқанның барлық қолжазбалары мен заттары осы Айғаным қонысындағы мұражайда сақтаулы тұр. Мұражайда сегіз мыңға тарта жәдiгер бар. Олардың қатарында ханымның қолданған самауырындары, ат әбзелдерi, ыдыс-аяқтарымен қатар, иленген аю терiсi, сандықтар, Шоқанның үстелi, қаламдары секiлдi қайталанбас құнды жәдiгерлерi сақталған. Қоныстың маңайында Айғаным ханым мен Уәлидiң мәңгiлiк мекенi бар. Олардың басына құлпытас та орнатылған.

 Оқушылар өлкеміздің табиғаты тамаша жерлері, таза ауасы мен мөлдір сулары, емдік қасиеттерге ие саз-балшықтары бар Мырзағұл ауылы маңындағы Теке, Саумалкөлдегі Имантау мен Шалқар, Кішкенекөл көлдері және Талдысай өзенінің суына шомылып, балшығына аунап, шаянын ұстап көргендегі әсерімен бөлісіп қайтты.

Шараның мақсаты жас ұрпақты тарихи орындармен таныстыру ғана емес. Олар осы сапарларында туған жердің түтінінің түзу ұшуына атсалысқан азаматтармен, жаңа есімдермен танысты. Экспедиция қатысушылары «100 жаңа есім» жобасы аясында өздері барған елді мекендердің кіндік қаны тамған жерінен ешқайда қоныс аудармай, ауылдарының өткені мен бүгінгі тарихын жинақтап, тұрғындарды ұйымдастырып, елін-жерін көркейтуге, дамытуға белсене араласып, қаймағын бұзбай, ұлтымыздың әдемі салт-дәстүрін сақтап отырған біртуар азаматтарымен кездесіп, олардың жүрек тебірентер әңгімелерін тыңдады.

Оқушылар Бердібек Тоқпанов, Серкелбай Тыныбеков, Сәбира Манатова, Айсұлу Қошанова, Қайролла Әдікенов және тағы басқа ел азаматтарымен емен-жарқын әңгіме құрып, олардың өмір жолдарымен танысып, туған жер туралы айтқан пайымды пікірлерін қағазға түсірді.

Қазіргі уақытта аталмыш игі шараны еліміздің барлың өңірі қолға алды. Өңірімізде бастау алған шара жалғасатын болады. Оқушылар өлке тарихы, оның ерекше қастерлі жерлері мен құрметті адамдары, табиғаты, сәулет өнері мен мәдениеті туралы жинақтаған ақпараттарын зерделеп, тарихи-өлкетану альбомын және қысқаметражды фильм дайындауды көздеп отыр.

Күлімкөз Смайлова,
әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры


Официальный сайт Президента Республики Казахстан Премьер-министр Казахстанаegov.kzАссамблея народа КазахстанаОфициальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской областиIPOДКБ2020Алтын сапаӘділетМодернизация пенсионной системыКазконтентИновационные гранты EXPO Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Агентство Республики Казахстан по делам государственной службы и противодействию коррупции Защита бизнеса СКО ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ресми интернет-ресурсы 100 жаңа есімБолашағымыз — бірліктеҚазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Қазақстанның ветеринарлық дәрігерлерінің қауымдастығы