Қаріп:  A+  A A-
Қаз | Рус
 

Жаңалықтар || Жаңалықтар

Тәрбиенiң басты құралы

04.08.2017

Тәрбиенiң басты құралыЕлбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауларының, бағдарламалық мақалалары мен стратегиялық реформаларының тарихи мәнi мен маңызы зор. Президентiмiздiң «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы көп жылдар бойы өнер мен мәдениет саласында еңбек етiп жүрген маған ерекше әсер еттi және шабыттандырды.

Рухани жаңғыру мәселесi елiмiз тәуелсiздiк алған уақыттан берi кезең-кезеңiмен жүргiзiлгенi рас. Елбасымыздың тiкелей бастамасымен «Мәдени мұра», «Халық — тарих толқынында» атты бағдарламалар қабылданып, жемiстi жұмыс атқарды. Осы iспеттес өркендi жұмыстар аясында бiздiң өңiрiмiзде де мәдениет ошақтары, театрлар мен мұражайлар ашылды. Соның бiрi — өзiм қызмет атқаратын облыстық қуыршақ театры. Қазығы 1991 жылы қағылып, берiк iргетасы қаланған театр содан берi өткен ширек ғасырдан астам уақыт iшiнде өзiнiң кiшкентай көрермендерiне алпысқа жуық спектакль ұсынып, мыңдаған балаға көтерiңкi көңiл-күй сыйлады, сонша ата-ананың көзайымына айналды.

«Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — сол ұлттық кодыңды сақтай бiлу. Онсыз жаңғыру дегенiңiздiң құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжiрибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиiс. Керiсiнше, замана сынынан сүрiнбей өткен озық дәстүрлердi табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра бiлу қажет. Егер жаңғыру елдiң ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», — деп атап көрсеттi Елбасымыз.

Иә, адамды тәрбиелейтiн де, ұлттық рух пен мәдениетке сусаған жанның шөлiн қандыратын да — театр. Оның iшiнде елiмiздiң ертеңiне баланған жастардың тәрбиесiнiң орны, тiптi, бөлек. Бойларына ақиық ақын Мағжан Жұмабаев айтқан «асқақ сезiм мен сiрi намысты» қалыптастыру маңызды. Осы орайда облыстық қуыршақ театрына жүктелiп отырған мiндет ауқымды. Бiздiң театр тұғырлы тәуелсiздiкке қол жеткiзген алмағайып уақытта, Қазақстан халқының қиын да күрделi, елең-алаң шағында құрылғандықтан, шығармашылық ұжым өкiлдерiнiң барлығы Ресейдiң бiлiктi университеттерiнде бiлiм алып келген азаматтар болды. Орыстiлдi жастар қатарымызды қалыңдатты. Осыған сәйкес ұлттық болмысымызды әспеттеген кейiпкерлерiмiздiң бейнелерi сахна төрiнен бой көрсете қоймады.

Соңғы жылдары орыстiлдi актерлерiмiздiң орнына қазақша бiлiм алған талантты, қабiлеттi жас өнерпаздар көптеп келуде. Соған сәйкес қазақша ойлайтын жас көрермендерiмiздiң саны артып келедi. Бiз оларға елiмiздiң тарихында ойып тұрып орын алған даңқты тұлғалардың, ертегi кейiпкерлерiнiң, адам қиялынан туған типтiк образдардың бейнелерiн ұсынуды жөр көрiп отырмыз. Мәселен, Рагим Мұсаевтың пьесасының желiсi бойынша, Евгений Пермяковтың режиссерлiгiмен сахналанған «Сказки старого Коркыта» атты спектакльдi аңыз желiсiнiң күрделiлiгiне қарамастан жас көрермендерiмiз жылы қабылдады.

Шығармада VI-VII ғасырларда Сыр елiнде, Сырдария өзенiнiң жағасында өмiр сүрген Қорқыт бабамыздың қобызы, оның өмiрге келу тарихы тереңнен толғанып, музыка күшiмен күңiренген қасиеттi үнi сөз болады. Тәнтi болып тамашалаған жасты да, жасамысты да жақсылыққа, достыққа, сүйiспеншiлiкке баулыған сюжетте қатыгездiк те, сатқындық сынды жаман қасиеттер де орын алады. Табиғаттың тылсым құбылысын көз алдымызға әкелген қобыз аспабының күңiренген дауысы, қасиеттi достық пен дұшпандықтың арасына алтын көпiр орнатып, адами қасиеттердiң жеңiп шығуымен тамамдалады.

Ұлттық құндылықтарымызды көз алдымызға әкелетiн Ортекенiң бейнесi өзiнше бөлек. Ертеде домбырашылар күй тартқанда саусақтары арқылы бiр жағынан Ортекенiң бейнесiндегi қуыршақты секiртiп, ойнақшытып отырып орындайтын болған. Оны тамашалаған жас көрермендер күлкiге батып, ғажап көрiнiстi сүйсiне қабылдады. «Абайдың даналығы, Әуезовтiң ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлерi, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үнi — бұлар бiздiң рухани мәдениетiмiздiң бiр парасы ғана», — деп Елбасымыз тiлге тиек еткен қазақтың бақыты үшiн күрескен өзге де тұлғалардың бейнелерi алдағы уақытта театр сахнасынан ойып тұрын орын алатын болады.

Театр — мәдениет пен өнердiң ордасы ғана емес, тәрбие мен идеологияның қуатты құралы ғой. Елбасымыз шегелеп айтқан «ұлттық сананың түрлi полюстерiн қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын да, тарлан тарихтың, жасампаз бүгiнгi күн мен жарқын болашақтың көкжиектерiн үйлесiмдi сабақтастыратын да, халықтың тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзiлмеген ұлттық салт-дәстүрлерiн алдағы өркендеудiң берiк дiңi ететiн де» — өнер ошақтары.

Театрымыз әу баста орыс тiлiнде ашылғандықтан бұл мәселелер кейiнге шегерiлгенi де жасырын емес. Алайда, қазақ руханиятының дамуына үлес қосуды өмiрлiк ұстанымыма балағандықтан елiмiздiң ұлттың мүддесiне қызмет көрсететiн қойылымдарды да назардан тыс қалдырмауға тырыстым. Кезiнде Ресейден өңiрiмiзге келiп, жұмысқа орналасқан әртiстердiң санаулысы ғана өз қызметтерiн жалғастыруда. Соңғы екi-үш жылда Петропавлдағы өнер колледжiн ойдағыдай тамамдаған жастар жұмысқа тартылуда. Олардың денi «Актерлiк шеберлiк» мамандығын игерген. «Қуыршақ театрының әртiсi» мамандығын меңгерген өнерпаздар саусақпен санарлықтай. Аталмыш мамандықты Астана және Алматы қалаларындағы бiлiм ордалары оқытады. Шығармашылық әлеуетiмiздi көтеру мақсатында жыл сайын аталмыш оқу орындары басшылығына жас әртiстердiң жетiспеушiлiгi жайлы айтып, ұсыныс хаттар жiберемiз.

Театрда алдағы уақытта қазақ труппасын ашуды көздеп отырмыз. Тiптi, осы уақытқа дейiн қойылған спектакльдердiң денiн қазақ тiлiне аударып, дайындап та қойдық. Мiне, осы игi бастаманы сәттi жүзеге асыруға кедергi болып отырған да қазақтiлдi әртiстердiң жетiспеушiлiгi ғой.

Құдайға шүкiр, өңiрiмiзде қазақ балаларының саны жыл сайын артуда. Бiр спектаклiмiздi 180 көрермен тамашалауға тiлек бiлдiретiн болса, солардың тең жартысы — қазақтың балалары. Баянды болашағымыздың өкiлдерiнiң өз ана тiлiн бес саусақтай бiлетiн, салт-дәстүрiн, дiнiн құрметтейтiнiн қаласақ, осы бастан әрекет жасау керек. Ара-тұра көзiм көрiп, көңiлiм сезiп қояды, балалар орысша қойылған спектакльдердiң кейбiр тұстарын түсiне алмай, қазақша аудармасын залдан шыққан соң ата-аналарынан сұрап, талқылап жатады. Оның өзi қуаныш. Өңiрiмiзде жыл сайын қазақ балабақшалары көбейiп келедi. Қазақ сыныптарына баратын балалардың саны артуда. Осы тұстан келгенде, қазақ труппасын ашуды бүгiннен бастап қолға алу керек деп ойлаймын.

Мен елiмiздегi және шетелдердегi балаларға арналған театрларда жиi боламын. Олардың денiнде жаңаша әдеби және өмiрлiк материалдарды игеру үрдiсi қолға алынып жатыр. Мұнда әсiресе қойылымның көркемдiк қырларына баса назар аударылуда. Қуыршақ театрларының репертуарларына Шекспир, Брехт, Гоголь, Ануй, Шукшин, Айтматов шығармалары ене бастады. Елбасымыз айтып отырған «өзгелердiң тәжiрибесiн алып, ең озық жетiстiктерiн бойға сiңiру мүмкiндiгi», — деген осы емес пе?

Мейрам Сексенбаев,
облыстық қуыршақ театрының
көркемдiк жетекшiсi


Президенттің Жолдауы akorda.kz primeminister.kzegov.kzАссамблея народа КазахстанаОфициальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской областиIPOДКБ2020Алтын сапаӘділетМодернизация пенсионной системыКазконтентИновационные гранты EXPO Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Агентство Республики Казахстан по делам государственной службы и противодействию коррупции Защита бизнеса СКО Электрондық еңбек биржасы ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ресми интернет-ресурсы 100 жаңа есімБолашағымыз — бірліктеҚазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Қазақстанның ветеринарлық дәрігерлерінің қауымдастығы