Қаріп:  A+  A A-
Қаз | Рус
 

Жаңалықтар || Жаңалықтар

Ұлттың ұйытқысы

04.08.2017

Құндылықтарды құлдыратпау маңыздыЕлбсымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан бағдарламалық мақаласын ширек ғасырдан астам уақытты артқа тастаған Тәуелсiз Қазақстанның жаһандану дәуiрiндегi рухани кеңiстiгiмiздiң жаңа бастауы деп бағалауымыз жөн. Мемлекет басшысы айтқан «ұлттың рухани коды» деген ұғым кешелi-бүгiн ғана емес, Мемлекет басшысының ой-санасында әлденеше рет елекке түскен, таразыға тартылған, сан жылдардан берi сарапталып, пiсiп-жетiлiп, өзiнiң сын сағатын күтiп келген дүние екенi даусыз.

Осы кезеңдерге дейiн елiмiздегi жүзеге асырылған iрi-iрi жобалар мен стратегиялық бағдарламалардың денi саяси-әлеуметтiк, экономикалық ендiктерге құрылғанын баршамыз бiлемiз. Бәрi де рет-ретiмен және өте сәттi жүзеге асырылып келдi. «Ең бiрiншi экономика, содан кейiн саясат» деген басқару жүйесiн Елбасы тегiн айтқан жоқ. Шыны керек, өтпелi кезеңдердi аман-есен еңсеру үшiн бұл қағиданың дұрысытығына бүгiнгi күнi көз жеткiзiп отырмыз. Экономика тұралап, халықтың жағдайы ауырлаған қысылтаяң шақта ұлттық руханиятымыздың кемшiн түсiп жатқанын алға тартқандар да кездестi. Елбасымыз оның бәрiн байсалдылықпен қабылдады, сабырлылық танытты. Мемлекет басшысы өзiнiң мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлерiмiз, тiлiмiз бен музыкамыз, әдебиетiмiз, жоралғыларымыз, бiр сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгi қалуы тиiс. Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды», — деп атап көрсеткен болатын. Расында, рухтың биiктiгi мәдениетке тiкелей қатысты. Соның iшiнде ұлттық дiлiмiз мен тiлiмiздi көздiң қарашығындай қорғап, аялай бiлуге баулитын, салт-сана, дәстүрлерiмiздiң озық үлгiлерiн үнемi насихаттаудан танбайтын киелi қара шаңырақ — театрдың алатын орны ерекше.

Президентiмiздiң салиқалы ойлары мен жүктеген мiндеттерi — «Мәңгiлiк Ел» болуға апаратын тiкелей жол екендiгi анық. Елбасымыздың дана саясатының арқасында елiмiздiң жарқын келешегiне кәмiл сенемiз. Театрдың шығармашылық ұжымы ұлттық және жаһан драматургиясы негiзiнде жаңа шығармалар арқылы ел өнерiнiң өркендеуiне үлес қосып келедi. Бұл дамыған озық елдермен иық тiрестiруге апаратын бiрден бiр жол дер едiм. Жалпы алғанда, театр тек мәдени шараларды өткiзетiн ғана орын емес, ол — киелi де қасиеттi өнер ордасы. Осына ескере отыра, қазақтың батырлық, ғашықтық жыр-дастандарын, ертегiлерiн, М. Әуезов, Ғ. Мүсiрепов сияқты классик жазушыларының шығармаларын сахналау арқылы халықтың қазақтың шұрайлы тiлiн ұмытпауына, рухани байлықтан қол үзбеуiне үлкен ықпал ете алатын театрдың құдiретiн бiр ауыз сөзбен айтып жеткiзуге болмайды. Театр ең алдымен, көрерменiн ұлттық қайнар бастауларымен сусындатып қана қоймай, әлемдiк әдебиеттiң жауһарларымен де таныстырады. Мысалы, бiздiң театр Қазақстанның халық жазушысы, атақты жазушы жерлесiмiз С. Мұқановтың "Аққан жұлдыз" шығармасымен ашылған. Содан берi небiр талантты драматургтердiң туындыларын сахналаудан жалықпай келедi.

Елбасы XXI ғасырдың жастары қандай болуы керек екенiн жақсы сипаттап бердi. Осы заманғы бәсекеге қабiлеттi болу үшiн олар өзiнiң дəстүрiн, дiлiн ұмытпаулары қажет. Ал театр сол құндылықтарға тәриелейтiн, баулитын таптырмас орын деуге әбден болады.

Тәуелсiздiк жылдарында елiмiзде көптеген маңызды iстер өз нәтижесiн берiп, толағай табыстарға қол жеткiздiк. Мұны бүгiнде әлемнiң озық, бәсекеге қабiлеттi елдерiнiң баршасы мойындап үлгердi. Дегенмен, бұл да шек емес, елiмiздiң мәдени қуаты одан әрi дамып, халықтың әл-ауқаты одан әрi арта түсуi үшiн бiр адамдай жұмыла еңбек етуiмiз керек. Сонда елiмiздiң келешегi бұдан да гүлдей құлпыра түсерi анық. Болашағымыз жастардың қолында екендiгiн алға тарта отыра, батыстық үлгiлердiң керi ықпалынан ұрпағымызды арашалап қалу үшiн де театр аса қажет. Мiне, осындай ұлттың тамырына балта шабатын оғаш iстерден бiз тек рухани байлығымызды, тереңнен тамыр тартқан салт-дәстүрлерiмiздi қарсы қою арқылы, тетарға баулу ғана арқылы арыла аламыз. Осы орайда өзiм тiзгiнiн ұстап отырған ұжымның атқарып отырған жұмысы орасан. Елдiң амандығы, жердiң тыныштығы үшiн бастарын бәйгеге тiгiп күрескен батырлардың бейнесiн қойылымдар арқылы көрсетiп, жас ұрпақтың санасына сiңiрiп келемiз. Қазақ Хандығының 550 жылдығы мерейтойы қарсаңында режиссер Баатырбек Шамбетов сахнаға Қожаберген Толыбайұлының «Елiм-ай» дастанының негiзiнде «Дауылпаз баба-Қожаберген» спектаклiн шығарды. Дастанның инсценировкасын жасаған — А. Зағыпар. Сондай-ақ, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театры өнер әлемiне ендi қонған жас өрендердi қолдау тұрғысында iзденiп, еңбек етуден талмайтын талантты құшақ жая қарсы алып, тәжiрибе бөлiсуге келгенде тартынып қалмады. Айталық, Алматы қаласындағы Темiрбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «режиссура» бөлiмiнiң түлегi, өнер бәйгесiнде томағасы ендi ғана сыпырылған жас талапкер Фархат Молдағалиев Мейiржан Әлiбектiң «Сиқырлы дүрбi» атты балалар ертегiсiн сахнаға шығарды. Бұл өңiр бүлдiршiндерiне жасалған ең үлкен сый болғандығы рас. Театр репертуарында әлемдiк деңгейдегi классикалық шығармалардан бастап, балаларға арналған түрлi көркемдiк мәнi жоғары ертегiлер баршылық. Солардың iшiнде әйгiлi орыс жазушысы Н. Гогольдiң «Ревизоры» (Спектакльдiң қоюшы-режиссерi — Б. Абдуроззоков). Бiшкек қаласында өткен V Халықаралық "Арт Ордо" фестивалiне қатысып, "Сыншылар көзайымы" аталымы бойынша жеңiмпаз деп танылды. Ал театр актерi Б. Шамбетов "Ең үздiк Ер бейнесi" номинациясын иелендi. Баатырбек Шамбетов тек театр актерi ғана емес, аталмыш театрдың бас режиссерi де. Театр сахнасында талай қойылымдарды жарыққа шығаруға үлес қосқан еңбекқор өнерпаздың театрдың өсiп-өркендеу жолында жасаған еңбегi ұшан-теңiз.

Театр қызметкерлерiнiң жетпiс пайызын жас актерлер құрайды. Олар Қызылжар қаласындағы Өнер колледжiнiң, Астана қаласындағы қазақ ұлттық өнер университетiнiң, Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлектерi. Өз мамандықтарына деген сүйiспеншiлiктерi көңiл қуантады. Труппа актерлерi сахнада ойнайтын өз кейiпкерiн талғап-таразылауға келгенде аса iзденiмпаз, өз бейнесiнiң мiнез-құлқын, iшкi болмысын, көңiл-күйiн кемерiне жете зерттемейiнше сахнаға шығаруға жасқанып тұрады. Бұл — құптарлық дүние. «Театр киiм iлгiштен басталады» деп К. Н. Станиславский айтқандай, актерлiк труппаның iшкi мәдениетi, актерге тән пайым-парасаттары да үздiк қалыптаса бiлген. Өнер тұлғасына лайық талғамдары сезiледi. А.Разиев, Н. Асқаров, М. Серкебаева, Г.Асқарова, Қ.Аязова, Д.Адыкенов, Ж.Бегалина сынды талантты актерлердiң алар асулары алда деп бiлемiз.

2016 жылы Ақтөбе қаласында өткен драма театрлары фестивалiнде режиссер Баатырбек Шамбетов «Режиссерлiк шешiмi үшiн» номинациясымен марапатталған. 2017 жылы 1 Республикалық жас тетарлардың «Балауса» фестивалiнде Ф.Молдағалиев «Үздiк режиссура» номинациясын иелендi. Ақтау қаласында өткен «Әбiш әлемi» театрлар фестивалiнде Ә.Кекiлбаевтiң «Махаббат мұнарасы» дала балладасы «Актерлiк iзденiстерi үшiн» номинациясын иеленген. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры жыл санап өнер әлемiнде кең қанат жайып келедi. Кәсiби режиссерлер мен талантты актерлердiң ансамблiнен туындайтын облыс қарашаңырағының шығар биiгi алда.

Мақалада Елбасы «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды да ұсынды. Әр адамның өзiнiң туған жерiне, оның мәдениетi мен рухани өсуiне үлес қосуы — шынайы патриотизмнiң маңызды көрiнiстерiнiң бiрi болмақ. Осы орайда театр ұжымы туған жердiң топырағынан түлеп ұштан талантты қаламгерлердiң өнегелi туындыларын сахнаға шығаруды да мақсат етiп отыр.

Мөлдiр өнердiң кең қанат жаюы жолында театр ұжымы бiр адамдай аянбай қызмет етiп келедi. Бұл бiрiншi кезекте,Тәуелсiз елiмiздiң болашағының жарқын болуының кепiлi деп ұғынғанымыз абзал. Театр ұлттың ұйытқысы, өткенi мен бүгiнгiнiң өнегесiнен сыр шертер асыл бейнесi. Олай болса, рухани жаңғырудың қайнар көзi болып табылатын ұлы өнер сiз бен бiзге аманат.

Бiржан Жалғасбаев,
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық
қазақ-сазды драма театрының директоры


Официальный сайт Президента Республики Казахстан Премьер-министр Казахстанаegov.kzАссамблея народа КазахстанаОфициальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской областиIPOДКБ2020Алтын сапаӘділетМодернизация пенсионной системыКазконтентИновационные гранты EXPO Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Агентство Республики Казахстан по делам государственной службы и противодействию коррупции Защита бизнеса СКО ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ресми интернет-ресурсы 100 жаңа есімБолашағымыз — бірліктеҚазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Қазақстанның ветеринарлық дәрігерлерінің қауымдастығы