Қаріп:  A+  A A-
Қаз | Рус
 

Жаңалықтар || Жаңалықтар

Ұлыларды құндақтаған жаңажол

09.06.2017

Ұлыларды құндақтаған жаңажолҚұдіреті күшті тылсымның адамзатқа беймәлім сыры көп қой. Адам баласы үшін туған жерге, өскен ортаға деген сүйіспеншіліктен асқан ыстық, керемет сезім бола ма?

«Мен туған жер — Қарасаз шалғайдағы,
Жалғанда жер біткеннің бал қаймағы.
Есім кетіп жүргенде ес білдірген,

Жаралған жұлдызым ғой маңдайдағы», — деп жырлаған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың осынау бір шумақ өлеңі туған жеріне кіндігімен байланған әрбір адамның жүрек түкпіріндегі қылдай нәзік сезімнің сырын шертіп тұрғандай әсерге бөлейді. Туған ауылыма деген пәк махаббат пен сағыныш бір сәтке де толастаған емес, керісінше, жыл өткен сайын өз жүрегіңде ғана әлдилейтін әдемі естелікке айналып барады. Күйбің тірліктен шаршағанда, қаланың у-шуынан мезі болғанда Жамбыл ауданындағы сайдың тасындай небір сайыпқырандарды құндақтаған Жаңажолыма тартып кеткім келіп тұрады. Әттең, ойым жеткен жерге қолым жете бермейді. Сол кезде ауылымның әсем табиғатын, баладай аңғал адамдарын есіме алып, қиялға шомып отырамын.

 Жаңажол дегенде солтүстікқазақстандықтардың есіне атақты жазушы, көркем сөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің есімі түсері анық. Иә, тамаша туындыларымен әлем классиктерін таңдай қақтырған жазушының менің туған нағашым екендігін Тәңірдің сыйы деп білемін. Нақтырақ айтқанда, анамның әкесі — Хамит Ғабит Мүсіреповтің туған ағасы.

Біз ауылдың шаңын аспанға көтеріп алаңсыз өстік. Тұрмыстың қиындығы, өмірдің ауыртпалығы деген мәселелер біздің өмірімізден тыс дүние сияқты көрінетін. Сондықтан да балалық шағымның әрбір сәті менің тәтті естелігіме айналған. Жасым бес-алтыларда болуы керек. Нағашыларымның үйінде өткен дүбірлі тойға анам мені де ертіп апарды. Қап-қара болып күнге күйіп, әбден тотыққан, тәмпіш мұрнын тартып қойып, меймандарға алақ-жұлақ қараған мені көрген Ғабит атам маңдайымнан сипады да алдына отырғызды. Дастархандағы көздің жауын алардай тәттілерден қолыма ұстатып, етті асатқаны әлі есімде. Осыдан кейін мен ол кісімен жолықпадым.

Жаңажолдың сұлу табиғатын көрген адам жердің жәннатына тап болғандай күй кешері сөзсіз. Қалқайған қарағайлар, тербелген аққайыңдар, айна көлдер көрген жанды шабыттандырмай қоймайды. Ауылдың іргесінде «Есенейдің кордоны» («Есеней бүркеуі» деп те аталады) деген жер бар. Аты айтып тұрғандай Ғ. Мүсіреповтің «Ұлпан» романының негізгі кейіпкері қарадан шығып хан болған Есеней сұлтанның өмір сүрген өлкесі. Ауылдан үш шақырымдай алыста орналасқан жерге күннің көзі жылынған көктемнің шуақты күндері құрбы-құрдастармен барушы едік. Бір-біріне іргелес орналасқан екі киіз үйдің бірінде Ғабит атамыз демалған екен. Қыздар жағы тұмса табиғаттың аясында дастархан жайып, тамақ пісірсе, біз, жігіттер доп қуып, алтыбақан құратын едік. Осы сәт әр жылдың көктем, жаз айларында қайталанады. Кейін ауылдан ұзап, білім қуып қалаға аттанғанда да уақыт суытпай келіп тұрдық. Туған жер осынысымен, ескі таныстардың бастарын бір арнаға тоғыстыра алуымен, бір партадан басталған шынайы достықтың тінін сөкпеуімен де қымбат емес пе? Табиғаттың тамыршысындай қасқайып тұрған қарағайлардың әрқайсысы бір-бір тарих еді ғой. Олар біз көрмеген талайғы оқиғалардың нешебірін кеуделерінде сақтап, күрсініп тұрғандай. Сыңсыған қарағайлардың арасында «қызқарағайдың» орны ерекше еді-ау. Ауылдың жас-кәрісі атын Ғ. Мүсірепов қойып кеткен «қызқарағайдың» күтіміне баса мән беретін еді.

«Ауылында бар Ағаның қызқарағай,
Тал бойында бір мін жоқ қыз баладай.
Ақ балтырлы ақ қайың арасында,
Жалғыз өсіп, асқақтап, тұр дарағай.
Қызқарағай, қызқарағай…

Жалғыз өсіп, асқақтап, тұр дарағай», — деп өрілген өлеңнің тарихы даңқты тұлғалардың мекені болған Жаңажол табиғатымен үндесіп тұрғанын қазіргі жастардың көбі біле бермейді-ау. Мені де алаңдататын осы жағдай.

Ғабит атам 1976 жылдың шілде айында Жаңажол ауылына жанына қызы Райханды, немере інісі мен келіні Екпін, Бикенді, жиеншар інісі Қанатбайды ертіп, аунап-қунап демалып қайтуға барады. Оларды ауылдың кіреберісінен сол кездегі ауданның басшысы Мәркен Ахметбеков, кеңшар директоры Жолмағанбет Әйкенов және өзгелер құрметпен күтіп алады. Түс ауа атам туған жердің саф ауасымен тыныстамақ оймен серуендеуге шығады. Жаңажолдан 4-5 шақырым жердегі жергілікті халық «Қожағұл бүркеуі» деп кеткен табиғаты әсем, ақ қайыңдар мен қалың қарағай жарыса өскен таңғажайып жерге дастархан жайылады. Табиғатты ерекше ұнататын Ғабит Мүсіреповке көлге жақынырақ қарағай бойлы, терекке араласып өскен ақ қайыңды орманға сүйсіне қарап, аралап кетеді. Қайың-теректер мен қарағай арасынан жеке-дара өсіп тұрған әдемі жасыл шыршаны көзі шалады. Сол шыршаға жақындап келіп, жазушы қасындағыларға сонау ертеректе, жас кезінде бірер жыл Бурабайда орманшы болғанын еске алып, шыршаның жай қарағайдан ерекшелігі, оның түсі мен қылқаны, бұтақтарының өсіп, орналасуы жайында біраз әңгіме айта келе, мына шыршаның дара өсіп тұрғанына таңғалады. Бұл аймақта сирек кездесетін шыршаны біреу әдейі әкеліп екті ме екен?.. Дастархан басында қасына ергендердің бірі:

— Ғабит аға, біз үшін қарағай да қарағай, шырша да қарағай. Осы жеке-дара өсіп тұрған шыршаға бір ат қойып кетіңіз, сіздің шыршаңыз деп жүрейік, — деп ұсыныс жасайды. Атам сәл ойланып, шыршаға қарап отырып:

— Сырт көрінісі ерекше көз тартар әдемі, көрікті екен. Ақ қайыңдар ортасында басына сәукеле, үстіне ұзын етек, екі-үш жерден бүрмелі әсем көйлек пен жасыл қамзол киген бұрынғы қазақ қызы секілді жарасымды көрінеді. Сондықтан мұны «Қызқарағай» десе жарасады емес пе?, — дейді.

1981 жылдың жаймашуақ жазында Ғабит ата жолдастарымен «Жаңажол» кеңшарының құрылғанының бес жылдығына қонаққа келген екен. Жаңарған ауылдың сырт бейнесіне көңілі толып, жаңадан бой көтерген Мәдениет үйін, аурухана, үшқабатты мектепті көріп, жергілікті басшылардың атқарған тірлігіне риза болыпты. Сырттан келген қонақтарды Есеней кордонындағы «Қызқарағай» жанында дастархан жайып күту ол кездері дәстүрге айналған екен. Ғабит атамды сол жерге қонақ етіп күтеді. Қасына ерткендердің ішінде ақын Мақсұтжан Әубәкіров және КСРО композиторлар одағының мүшесі, республикалық радио комитетінің қызметкері, белгілі сазгер Жоламан Тұрсынбаев болады. Сөзден-сөз шығып, әңгіме желісі «Қызқарағай» шыршасына ауысады. Ақын мен сазгер жасыл шыршаға сүйсіне қарап, ой толқынына ерік бере отырып «біз бұған арнап бір әдемі ән жазамыз» деп келіседі. Екеуі де өнерлі, өрелі жандар емес пе, сол кеште-ақ екеуара ақылдасып отырып, ақ қағаз бетіне өлеңнің алғашқы мәтінін түсірді. Әннің әрбір шумағы бір-біріне үйлесіп, әдемі әнге өзі сұранып тұрғандай еді. Сөйтіп, Ғабит атамның сол сапарда бірге болған ақын Мақсұтжан Әубәкіров көп уақыт өткізбей «Қызқарағайдың» мәтінін жазып шығады.

Міне, көптің құлақ құрышын қандырған, көңілін көкке көтерген «Қызқарағай» әні осылай дүниеге келген. . Осыдан бірнеше жыл бұрын көктемгі су тасқыны кезінде «қызқарағайды» су шайып кеткенін, орнын қалың қамыс басқанын естідім. Өз көзіммен көру үшін көлігімді ауыл іргесіне қалдырып, үш шақырымды жаяу жүріп бардым. Тарихтың қатпар-қатпар шежірелерін ішіне бүккен «қызқарағайдың» орны да қалмапты. Туған жерге, оның әрбір жотасы мен беліне, тасы мен көліне деген құрмет осындай мүсәпір күйге түскеніне қынжыласың. Айтып келмес апатқа дау жоқ қой. Дегенмен де осы іспеттес орындар мемлекет қамқорлығында болса, жауқазындай жастардың бойына өз ауылдарына деген ілтипат өзгеше болар ма еді?

 Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әр өңірде мекендейтін аң-құстарды, өсімдік атаулының түрлерін, тарихи орындарды жас жеткіншектерге оқытыңдар деп өте орынды мәселені көтерді. Бірақ олардың бірлі-жарымынан басқасының атын бала күнімізде мектепте оқытпапты. Сондықтан да қазіргі уақытта туған жеріміздің жауһарларын еске түсере алмай, күмілжиміз. Әтпесе, біздің ауыл өсімдікке де, аң-құсқа да кенде емес еді. Көктем шыға қаржуа, қымыздық теретін едік.

Оныншы сыныпты тамамдаған соң қалаға аттандым, жоғары білім алдым. Қаланың тыныс-тіршілігіне қанық болдым. Алайда, жүрегімнің түкпіріндегі бір сезім менің еңбек жолымды алтын бесік ауылдан бастауыма жол ашты. Осылайша, көп жылдар бойы Жаңажолдың жанындағы Святодуховка ауылындағы орта мектептің директоры болдым.

Жақында ауылыма жолым түсті. Жаңбыр жауса, саз балшыққа айналатын, қыста қалың қардың астында қалатын жол жаңажолдықтардың жүрегін ауыртып тұр. Жұрт ауылдан үдере көшпесе де жыл сайын бірлі-екілі отбасы қаршаңырақтарын тастап, қаладан пана іздейді. Осылай жалғаса берсе бас-аяғы бес-алты жылдың ішінде Жаңажолды бетке алып жолға шығатын адамдардың көші мүлдем тыйылатын сияқты. Менің жанымды ауыртып, жүрегімді сыздататыны да осы жағдай. Ауыл көркейіп гүлденсе, туған жердің тау-тасымен тамырлас мұндағы біздің де жанымыз бәйшешектей құлпырып, бүршік жарады емес пе? Кіндік қаның тамған жерге жыл құсындай сағынып оралғанда жүрек тулап қоя беретіні несі екен-ай! Анадайдан ағараңдап ауыл төбесі қылтиғаннан сезім селімен бірге аласұрып аға жөнелетін көкірегіңдегі бұл неткен құдіретті сұрапыл күй соншама? Әлемнің ешбір жұмағы дәл осы сұлулықтың орнын баса алмайды.

Жандос Базарбаев,
Қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі


Президенттің Жолдауы akorda.kz primeminister.kzegov.kzАссамблея народа КазахстанаОфициальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской областиIPOДКБ2020Алтын сапаӘділетМодернизация пенсионной системыКазконтентИновационные гранты EXPO Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Агентство Республики Казахстан по делам государственной службы и противодействию коррупции Защита бизнеса СКО Электрондық еңбек биржасы ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ресми интернет-ресурсы 100 жаңа есімБолашағымыз — бірліктеҚазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Қазақстанның ветеринарлық дәрігерлерінің қауымдастығы